Түркістандағы мектептердің 83 пайызында дәретхана талапқа сай емес

1497

Облыста 905 білім ұясы болса, оның 200-ден астамының сыртқы қоршауы жөндеу жұмыстарын қажет етеді.  

Түркістандағы мектептердің 83 пайызында дәретхана талапқа сай емес

Түркістан қаласында  жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алуға арналған форум өтті. Жиында сөз алған Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Артықбек Пашаев білім ұяларындағы кемшіліктерді атап өтті.

Облыстағы 905 мектептің 98 пайызы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Бірақ, білім нысандарының 22 пайыздан астамының сыртқы қоршауы жөндеуді қажет етеді.

"Камераларды орнатып ғана қоймай, олардың дұрыс орнатылуын және үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау қажет. Негізінен камералар, білім беру ұйымдарының кіреберістері мен дәліздеріне қойылған және жазбаны сақтау қабілеттері төмен. Өңір бойынша 200-ден астам білім беру ұйымдарының қоршаулары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 750 астам мектептің дәретханаларын санитарлық талаптарға сәйкестендіруге жатады", – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары.

Артықбек Пашаевтың мәліметінше,  2019 жылы облыста кәмелет жасына толмағандармен жасалған құқық бұзушылық 4,4 %-ға, оларға қарсы жасалған қылмыс 7,7 %-ға  төмендеген. Ал кәмелет жасына толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі 23,5 %-ға төмендеді.

"Жалпы кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылық жағдайы жақсарғанымен, осы санаттағы қылмыстар саны артқан аумақтар бар. Мысалы, жасөспірімдермен жасалған құқықбұзушылық Түркістанда 66 %-ға, Кентауда – 74%, Бәйдібекте 60%-ға артса, оларға қарсы жасалған қылмыстар Арыста – 80%, Түлкібаста – 71%, Отырарда – 66% артқан. Жасөспірімдер арасындағы суицид Сайрамда – 27%, Түлкібаста - 50%, Бәйдібекте – 200% артқан", – деді прокуратура өкілі.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу