Осылайша, бір кездері арнасынан асып, тұрғындарды әбден әбігерге салатын Сайрамсу өзенінің жағдайы адам алаңдатарлық деңгейде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзеннен су жоғалуының тағы бір себебі айтылады. Ол – өзеннің жоғарғы жағында орналасқан гидроқұрылғы. Құрылғы су ағынын бөліп тұр, сол арқылы төменгі бөлікке ылғалдың жетуіне кедергісін келтіреді.
– Экологтар өзендегі тіршілікті сақтау үшін судың кемінде 70% өз арнасында қалуы қажет екенін ескертеді. Бұл – заңмен бекітілген талап, бірақ оны ешкім сақтап жатқан жоқ. Зертас ауылынан төменгі ағыста қандай да бір биоалуантүрлілік, әсіресе су экожүйесі жайлы айту мүмкін емес, – дейді эко-белсенді Сергей Балабенко.
Жалпы, Сайрамсу өзені 70 шақырымнан аса аумаққа созылады, оның үштен бірі Шымкент қаласы арқылы өтеді.
"Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы" РММ басшысының орынбасары Көпжан Сәдібектің сөзінше, биыл жаңбыр өте аз жауған. Әрі "Өзендердің таяздануы – климаттың өзгеруінің тікелей салдары. Бұл топырақтың тозуына, су ресурстарының сапасының төмендеуіне және өзен арналарының біртіндеп құрғауына алып келеді", – дейді ол.