Түркістандық кәсіпкерлер жергілікті әкімдіктердің әрекетсіздігін сынға алып, өңірлік палатаға шағымын айтты, деп жазады inbusiness.kz "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, "Мега Групп Холдинг", "Samgau Group-2020", "Шымкент Мега Групп" мекемелері орталық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан Арыс қаласының аумағында пайдалы қазбаларды барлауға арнайы лицензиялар алған.
Арыс қаласы әкімінің шешімімен кәсіпкерлерге пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін сұратылған жер учаскесін беру мақұлданған. Осылайша тиісті құжаттар облыстық әкімдікке жолданды.
Өз кезегінде бизнес өкілдері арнайы техникалар сатып алып, құжаттарды рәсімдеу мен оларды сараптамадан өткізуге әрқайсысы 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Алайда басқарма кәсіпкерлерге жер учаскесін беру туралы өтінімді комиссия қарауына енгізбей, жер учаскесі бойынша нақты шешім қабылдамапты.
Кәсіпкерлердің айтуынша, жер учаскелерін уақытылы бермеу лицензия мерзімінің өтіп кетуіне, онда көрсетілген міндеттемелерді орындауға мүмкін емес жағдайларға әкеп соғуы мүмкін.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша аталмыш мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің қарауына ұсынылады.