Түркістандық мектеп түлегі шетелдің 45 жоғары оқу орнынан шақырту алды

392

Олардың қатарында АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия сынды елдер бар. 

Түркістандық мектеп түлегі шетелдің 45 жоғары оқу орнынан шақырту алды Фото: Дамир Аюпов жеке мұрағатынан

Түркістан қаласының тумасы Дамир Аюпов – отбасында жалғыз бала, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жасөспірім биыл облыс орталығындағы № 15 жалпы орта мектепті аяқтаған. Ол Ұлттық біріңғай тестілеуден 133 балл жинаған. Талапкер тестілеуді білімін тексеру үшін ғана тапсырғанын айтады. Себебі ол әлемнің 45 еліндегі жоғары оқу орны білім алуға шақыру алғанын мәлім етті.

"Мектепте география, математика және ағылшын тілін сүйіп оқыдым. Сөйтіп, IT саласын таңдаймын деп жүргем. 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Ресторан басқаруды армандай бастадым. Содан, география мен ағылшын тілі пәндеріне ден қойдым. Оныма өкінбеймін. Қазір шетелдің 45 жоғары оқу орны оқуға шақырту жіберді", - дейді Дамир Аюпов.

Дамирдің айтуынша, бәрі Чехияға оқуға түскен досының жетістігіне қызыққаннан басталған. Білім алуды басқа елде жалғастыру үшін бірінші кезекте ағылшын тілін үйрену керегін естіген бойда дайындық тобына жазылған. Содан 10-сыныптың жартысынан бастап шет тілін тереңдетіп өтетін курста сабақ алыпты. Жарты жылдың ішінде IELTS-тағы деңгейі 6,5-ға жеткен.

"Түні бойы көз ілмей сабақ оқыған кездерім көп болды. Таңға дейін дайындалып сабаққа баратынмын. Қызу дайындықты 10-сыныпта бастағаныма өкінемін. Өйткені өзіңді қинап жібересің. Ең дұрысы 8-сыныптан бастап кірісу керек. Сонда нәтиже де жақсы болатынына сенімді жүресің", - дейді түркістандық түлек.

Дамир Гарвард университетінің жазғы курсына да шақырту алғанын айтады. АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малазия, Шотландия, Түркия мен Ұлыбритания елдерінің арасында талапкер Чехияның Прага қаласын таңдап отыр. Еуропада оқуды қаладым деген жігіт чех тілінде білім алу үшін бір жылын тіл меңгеруге жұмсайтынын айтады.

"Шет елде білім алу үш жылға жалғасады. Тағы бір жыл сол елдің тілін меңгеруге кетеді. Мені шәкіртақысы 2,5 млн теңге болатын университеттер де шақырды. Бірақ жүрек қалауым Еуропаға түсіп тұр", - дейді Дамир Аюпов.

Дамирдің сөзінше Түркістандағы №15-мектептен шет елге оқуға түскен жалғыз өзі емес. Сыныптастарының арасында Корея, АҚШ пен Словакияда оқуға жолдама алғандары да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу