Түркістандық науқасқа Кореяда күрделі ота жасалды

1157

Түркістан қаласының тұрғыны Ақнұр Сапарбайға Корея елінің белгілі клиникасында күрделі ота тегін жасалды. 

Түркістандық науқасқа Кореяда күрделі ота жасалды

Қайырымдылық шарасы Пучон қаласында орналасқан "СунЧонХян" (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital) клиникасының басшылығы мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты. Жиырма төрт жастағы отандасымыз қоян-жырық қасқыр таңдай диагнозының ауыр түрімен туған. Оған сәби кезінен бастап Қазақстанда бірнеше рет ота жасалынған.

Қайырымдылық шарасы аясында түркістандық науқасқа ауыр операцияны "СунЧонХян" клиникасының мықты пластикалық хирургтарының бірі, профессор Нам Сынг Мин жасады. Науқастың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды кореялық тарап толығымен өз мойнына алған.

Дәрігерлердің таңдауы Ақнұрға түскені жай емес. Ол — көпбалалы отбасының тұңғышы. Үшінші топ мүгедегі. Осыдан бір ай бұрын анасы дүниеден озды. Онсыз да бет келбетінің кемістігімен тауқымет кешкен науқасқа бұл үлкен демеу болып отыр.

"Бар арманым — құрбыларым секілді анық сөйлеп, еркін тыныс алу еді. Дұрыс тамақтана алмай да қиналмын. Корея еліне келіп үмітімнің ақталғанына қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп осында жолдаған жергілікті дәрігерлерге және ота жасаған профессорға шексіз алғысымды білдіремін. Тек осыдан бір ай бұрын қайтыс болған анамның осы қуанышымды көре алмағаны жаныма батады", — дейді Ақнұр Сапарбай.

Ота төрт сағатқа созылды. Профессор Нам Сынг МИН отаның сәтті өткенін айтады. Алда әлі біраз уақыт күтім керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу