Түркістандық оқушы "ақылды сөмке" жасап шығарды

2556

Сөмкені иесі пультпен басқарып жылжыта алады.

Түркістандық оқушы "ақылды сөмке" жасап шығарды Фото: gov.kz

"Төрткүл"  жалпы орта мектебінде оқитын Айтуар Советбек өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа ұстап, көпті таңқалдырды. Оған бұл ой мұқтаждықтан туған. Түркістандық оқушы өзі жүретін "ақылды сөмке" жасап шығарды. Сөмкені иесі пультпен басқарып жылжыта алады. Қисық жол мен шоқалақтан да оңай өткізуге болады, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Айтуар 1 жыл бұрын жол апатына түсіп, күрделі ота жасалады. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тиым салады, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтқан. Сабақта қалғысы келмеген озат оқушы тығырықтан шығар жол іздеп тапты. 

"Үйде жатып оқу қиын, қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі", -дейді  Айтуар.

Айтуардың бұл идеясын анасы да қолдап, дизайннына мән береді. Ұлы ойлап тапқан сөмкенің сырт пішінін жасауға көмектескен. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі дамыту үстінде, сатыдан өзі шығатын механизм жасап, өнімін сатылымға да шығару ойында бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу