Түркістандық оқушылар ғарыш наносерігімен байланыс орнатты

492

Түркістан оқушылар сарайында еліміздегі жалғыз спутниктік робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Оған 30-ға жуық бала қатысса, басым бөлігі қыз балалар. 

Түркістандық оқушылар ғарыш наносерігімен байланыс орнатты Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Болашақ ғалымдар ғарышта наноспутникпен байланыс орнатып үлгерді. Олар өз жұмыстары арқылы ауа температурасы, қысым, ылғалдылық пен ауаның ластануы туралы мәліметтер жинады.

Жоба жетекшісі Еркін Ақтаевтың айтуынша, балалар теория арқылы нанотехнологияда микросұлбаларды құрастыруды үйренеді. Содан кейін олар арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы барлық қажетті ақпаратты енгізеді.

"Басты мақсат – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсету, бағыт-бағдар беру. Бұл үйірмеге 12 жастан асқан ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады", - дейді ұстаз Еркін Ақтаев.

Айта кетерлігі, үйірмеге қатысушылар бір жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылы атмосфераның жоғарғы қабатына 2 заманауи наноспутник ұшырылды. Салмағы 1-ден 10 келіге дейінгі шағын ғарыш аппараттарына бірнеше камера мен сенсорлармен жабдықталған. Осылайша, осы наноспутниктердің көмегімен атмосфераға қатысты бірқатар ақпарат алынды. Қазан айында олар жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу