Түркістандықтарға Қарағанды өңірінен 900 бос жұмыс орны ұсынылды

506

Түркістандықтар Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындарында жұмыс істей алады.  

Түркістандықтарға Қарағанды өңірінен 900 бос жұмыс орны ұсынылды Фото: gov.kz

Бұл жұмыс күші тапшы Солтүстік аймақтың мәселесін шешіп қана қоймай, оңтүстіктегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсер етеді, деп жазады inbusiness.kz.

Өйткені, облыста 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында. Осы мақсатта Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен, Қарағанды облысынан арнайы келген делегацияның қатысуымен Түркістан облысының азаматтарына бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің бастау алды.

Жуырда Түркістан облысы мен Қарағанды облыстары әкімдіктері тарапынан жұмыспен қамту мәселелерін көздейтін өзара міндеттемелер жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне облыстың жұмыссыз тұрғындары мен білім беру ұйымдарының бітіруші түлектерін қатыстыру көзделіп отыр.

Жұмыс жәрмеңкесін аталған өңірдің ірі кәсіпорын басшылары мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары жүргізді. Сауран ауданы және Түркістан қаласының тұрғындары үшін Қарағанды облысының жұмыс берушілері жұмыс орындарын таныстырып, кеңестер берді. Атап айтқанда, "Kama TyresKZ", "Qaztehna", "Горкомтранс города Караганды", "Караганда Энергоцентр", "Asia FerroAlloys", "Шубарколь Премиум" ЖШС кәсіпорындарының өкілдері түсіндіру жүргізді. Бірі дөңгелек шығаратын арнайы зауыт болса, енді бірі тігін саласымен айналысады.

"Шараны ұйымдастырудағы мақсат – Түркістан облысының жұмыс іздеп жүрген азаматтарымен бетпе-бет сөйлесе отырып, бос орындарды соған қарай талдау және жетілдіру. Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша 3 мыңнан астам бос жұмыс орны болса, жәрмеңкеде 9 мекеге 900-ге жуық вакансияны ұсынып отырмыз. Зейнет жасына дейінгі азаматтар осы шараларға қатыса алады. Жалақы мөлшері 150-500 мың теңге аралығын құрайды. Сондай-ақ ниет білдіріген, қызығушылық танытқан азаматтарды жатақханамен қамту қарастырылған", – дейді Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар бойынша ұсынылды.

Қарағанды облысындағы мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелеріне сұраныс жоғары.

Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналсуға ниет білдірді. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар бар.

Делегацияның жұмыс сапары екі күнге жалғасады. Басқарма басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс орталығынан соң ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бүгін Кентау қаласында өткізіледі. Ал ертең Сарыағаш және Келес аудандары тұрғындары үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Сарыағаш қаласында ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу