Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Он айдың көлемінде 953 мың адам келді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Бір жылдың көлемінде 1 млн адам келген. Біз қазір он айдың көлемінде соған жетіп отырмыз. Осы азаматтардың 92 мыңнан астамы Түркістан қаласындағы қонақ үйлерде орналасқан. Үш жыл бұрын 38 қонақ үй болған. Сұраныс көбейгенінің нәтижесінде қонақ үй саны 68-ге жетті. 92 мыңнан астам азамат бір күн болса да Түркістан қаласында тоқтап, қаланың тиісті сервистік қызметін алды", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сөзінше, алты жылдық жоспар аясында 13 түрлі туристік бағыттағы жобалар көзделіп отыр.
"Оған 145 млрд теңге қазіргі есебімізден қаражат жоспарлап отырмыз. Біздің есебіміз бойынша Түркістанға келетін қонақтардың санын 2 млн-ға жеткізгіміз келеді. Оның ішінде 900 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы керек. Қазіргі есебіміз бойынша 13 жоба толық іске қосқан кезде жылдық салық түсімдері 400 млн теңге болуы керек", – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Әкімнің орынбасары, биыл Түркістан қаласына 20 мыңдай шетелдік турист келгенін айтты.
"Соның елу пайызы Өзбекстаннан келіп отыр. Бұл дегеніміз біздің көрші ел, соның ішінде Ташкент, Самарқанд аумағынан қызығушылық бар", – деді ол.