Түркістанға ерекше мәртебе беру: Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр

177

Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. 

Түркістанға ерекше мәртебе беру: Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр Фото: aqorda.kz

Мәжілісте "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген.

Заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің  рухани  астанасы ретінде  тануы және қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды.

Құжатты әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және т.б. елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. Заң 4 тараудан және 15 баптан тұрады.

"Тарихи-мәдени мұраны қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау негізгі қағидаттар болып саналады. Заң жобасының негізгі новеллалары: Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру; Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің  шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу; Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді. Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша қала әкімдігіне құзырет беріледі", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу