Түркістанға келген туристердің көбіне неге көңілі толмайтыны белгілі болды

200

Аймақ басшысы кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Түркістанға келген туристердің көбіне неге көңілі толмайтыны белгілі болды Фото: Түркістан облысның әкімдігі

Түркістанға келетін туристердің басым бөлігі қызмет көрсету сапасы мен әжетхана мәселесіне көңілдері толмайтындығын айтқан. Бұндай олқылықты анықтау үшін әкімдік арнайы сауалнама жүргізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Түркістанға  жыл басынан бері 15 мың шетелдік турист келген. Оларға сапалы қызмет көрсету маңызды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы және басқа да туристік қызметтер кеңінен талқыланды. Жиында өңір басшысы бұл саланы қысқа уақытта жандандыруды, кемшіліктермен жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдеріне киелі нысандардың тазалығын сақтауды айтып, сол аумақтағы жол белгілері мен жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді.

"Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер", – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар, отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланған.

"Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады. Оның бірі – визит орталықтар. Елімізде бұл жобаның тиімді кейстері бар. Облыста осындай орталықтарды жүзеге асыру ұсынылып отыр", – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу