Түркістанға сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны 200-ден асты

286

Оның 32-сі "Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақта көбейіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркістанға сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны 200-ден асты Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Түркістан өңіріне 2 000 жылдары Бұхар бұғысының сегізі жеткізілген болатын. Алматы облысындағы "Қарашеңгел" қорығынан алып келінген түз тағылары сол сәтте тоғай ішіне салынған тұқымбаққа жіберілді. Қазір олардың саны 200-ден асты.

Ал, қалғаны Сырдария өзенінің бойындағы тоғайға еркіндікке жіберілген.

Жалпы, Түркістан қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан тұқымбаққа бару үшін жол талғамайтын көлік қажет. Себебі, топырақ жолда жеңіл көлікпен жүру мүмкін емес. Орманшылардың айтуынша кішкене жаңбыр жауып, жер суланса, жол талғамайтын көліктің де жүруі мұң болып қалатын көрінеді.

Біз мінген көлік те таңертеңмен тоғай ішіне қарай топырақ жолмен жүріп келеді. Әр жерден орманшылар мен қойшылардың үйлері көрінеді. Баршасының қабырғалары құзданып тұр. Сондай-ақ, жол-жөнекей кездесетін бірен-саран бос үйлер де бар. Иелері көшіп кеткендіктен, жыңғыл ішінде есік-тересіз, аңғал-саңғал күйде қалған.

Айдалада күйгін қышпен үй тұрғызып жатқандарды да көріп, таңқалыстық. Бұл құмда да тіршіліктің тоқтаусыз жүріп жатқанын аңғартса керек.

Сонымен бір сағаттың ішінде Сыр бойындағы тоғайға да келіп жеттік. Зырғып келген көлік орманшының үйіне тоқтады. Жарық жанып, су келіп тұр. Тасымалмен жеткізілетін газ алауымен ас пісіп, шәй қайнайды. Ауладағы көлік қаламен байланысты қамтамасыз етеді. Ұялы байланыс дұрыс ұстамайтындықтан, орманшылар рация арқылы сөйлеседі. Айдалада дегені болмаса, жанға қажеттінің барлығы бар.

Жалпы, 2000 жылы құрылған тұқымбақтың аумағы – 22 гектар. Биіктігі 3 метрлік темір тормен қоршалған. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғы бағушыларға пайдалануға берілген. Аумағын күзетуге және бақылап отыру үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

"Жалпы Сырдария маңында Бұхар бұғылары бұрыннан болған. Содан 1 956 жылы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сол Сыр сұлуы атанған түз тағыларын қайта қалпына келтіру үшін осы тұқымбақ салынды. Түркістан қаласының 1 500 жылдық мерейтойына орай өңірдің тоғай-орманында мекендеген жануарларды көбейтіп, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 8 Бұхар бұғысы жеткізілді. Алматы облысының Іле өзені бойында орналасқан "Қарашеңгел" қорығынан әкеліп, жерсіндірілген бұғылардың саны 23 жылда 215-ке жетті", - дейді "Сырдария-Түркістан МӨТП" КММ Сырдария филиалының аң қорғау инженері Құралбай Жарменов.

Мұндағы бұғы бағушының есімі – Федя (Федор). Жұбайы екеуі сонау тұқымбақ құрылғалы бері қызмет етіп келеді. Сондықтан болар, бұғылар да Федяны жатсынбайды. Алдына дейін келіп, дайындаған жем-шөбін жеп кетеді. Ал, өзге адамдарды көрсе, тоғай ішінен шықпайды. Федя да әр бұғыға ат қойып қойған. Сөйлеседі. Бір-бірін тілсіз ұғынысады.

Бұғыларға таңғы сағат 5 пен 6 аралығында вольер алдында түрлі дәрумендер қосылған құнарлы жем беріледі. Құдықтан ағып жатқан таза сумен қоректенеді. Арнайы жасалған балшыққа келіп, аунап алады. Содан, тұқымбақтың ішіне кетеді.

"Еркіндікке жіберілген бұғылар тоғай ішінде 5-6-дан бөлініп жүреді. Ол тоғайдың аумағы Қызылорда облысымен шектеседі. Ал, бір жағы Арыс қаласы аумағында жатыр. Еркіндіктегі бұғылар сол аумақтарды мекендеп жүр. Ал, тұқымбақ ішіндегі бұғылар қоршаудан шықпайды. Жыл сайын көбейтіп, бір бөлігін еркіндікке жіберіп отырамыз", - дейді Құралбай Жарменов.

Табиғи парк аймағындағы әр бұғы ерекше күтімге алынған. Оларды бұғы бағушылар мен қарауылдан бөлек арнайы мал дәрігерлері қадағалап отырады. Сондай-ақ бұғылар туған сәтінен төлдеген шағына дейін ұдайы бақылауда болады. Тіпті, бұғышы жыл сайын тастайтын мүйізіне дейін ай-күнін жазып, сақтап отырады.

Ал, "Сырдария-Түркістан" өңірлік паркі мамандары жылына бір рет санақ жүргізеді. Бұл жұмыстарға фототұзақ пен дрон аппараттары қолданылады.

Жалпы "Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақ туризмді дамыту мақсатында құрылған. Демалушыларға арнайы жасалған ағаш үй салынған. Жатын орын мен ас пісіретін құралдар да жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өзенінен балық аулап, демалуға таптырмайтын жайлы орта. Дегенмен, жолдың нашарлығы бұл мақсатқа жетуге негізгі кедергінің бірі болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу