Түркістанның құрылысын BI Group қолға алды

1403

Отандық компания жаңа облысты игеруге кірісті.

Түркістанның құрылысын BI Group қолға алды

Осыдан тура бір жыл бұрын бөлек отау боп шыққан Түркістан облысының орталығында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал киелі шаһардың көркін ашатын түрлі ғимараттарды салуға кіріскен компаниялардың көшін BI Group бастап тұр. Отандық компания жаңа облыстағы бірнеше ірі жобаны қолға алды.

Мәселен, Түркістан қаласында жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Заманауи үлгідегі кешеннің құрылысымен BI Group-тың еншілес ұйымы – BI Construction & Engineering компаниясы айналысуда.

Түркістан облыстық әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, стадионның жалпы аумағы 36 500 шаршы метр. Мұнда ашық футбол алаңы болады. Ал көрермендер үшін жаңбыр мен желден қорғайтын жабық трибуна қарастырылған. Бұл стадионды әмбебап спорт кешені деп те атауға болады. Өйткені мұнда футбол алаңынан бөлек, жаттығу алаңы және жеңіл атлеттерге арналған жолақ бар. Стадиондағы спорттық жарыстарды бір сәтте 7 мың көрермен еркін тамашалай алады.

BI Construction & Engineering компаниясы "Оңтүстік" дивизион жобаларының директоры Диас Әділхановтың сөзінше, стадион ғимаратында қажетті дүниенің бәрі қарастырылған. Дәлірек айтсақ, мұнда соңғы үлгідегі жаттығу залдары, киініп-шешінетін орындар, баспасөз орталығы, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеуіне арналған арнайы аймақтар, мәртебелі меймандарға арналған орындар болады.

"Тапсырыс берушінің, яғни "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының талабына сәйкес, футбол алаңы FIFA-3 стандарты бойынша сертификатталатын болады. Яғни мұнда ұлттық деңгейдегі футбол матчтарын өткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан алаңның сапасы да жоғары болуға тиіс", – дейді Диас Әділханов.

Стадионның құрылысы 2019 жылдың бірінші тоқсанында басталды. Кешен құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс.

Түркістан облысындағы құрылыс саласының дамуы:

"BI Group-тың спортқа деген қамқорлығы ерекше. Оны көпшілік жақсы біледі. Сондықтан Түркістандағы спорттық кешен құрылысының бізге сеніп тапсырылуы – зор мәртебе. Біз өзімізге артылған сенімді абыроймен ақтауға дайынбыз", – деген болатын BI Group-тың директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев осы жылдың наурыз айында түркістандық журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар, BI Group компаниясы Түркістанда облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттер жайғасатын ғимараттардың құрылысымен айналысуда. Ал мұндай маңызы зор жобалар тәжірибесі мол, ірі компанияларға жүктелетіні анық.

Жалпы аумағы 50,5 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттар кешенінің құрылысын BI Group-тың еншілес ұйымы – BI Construction & Engineering компаниясы қолға алған.

Жоба жетекшісі Айдан Нарымбаевтың сөзінше, ғимараттар кешенінің басты артықшылығы – жаңартылған энергия көздері арқылы жұмыс істейтіндігінде. Яғни, ғимарат күн батареяларынан қуат алады.

"Сондай-ақ біз күн коллекторларын пайдаланып көруді де қарастырып жатырмыз. Егер тиімді болса, пайдаланатын боламыз. Бұдан бөлек, гидрогеологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар нысанда жылу сорғыларын орнатып, пайдалану үшін қолға алынды. Ғимараттағы кабинеттердің төбесінің биіктігі 3-4 метрді құрайды. Нысанда жайлы микроклимат жасалынады. Талаптарға сәйкес, ғимаратта шамамен 2350 адам жұмыс істей алады", – дейді Айдан Нарымбаев.

BI Construction & Engineering компаниясы облыстық әкімдік ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін аяқтамақ. Ал басқармалар мен департаменттер жайғасатын нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

"Түркістан облыс орталығы атанғалы бері қаланың әлеуеті ашыла түскендей. Бұл ретте, Түркістанды түлету үшін маңызды міндеттер алға қойылып отыр. Соның бірі – заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа нысандар салу. Осы орайда BI Group-қа зор сенім артылып отырғанын жақсы білеміз", – дейді Айдын Рахымбаев.

Түркістан – туристік орталық. Мұнда шетелдік қонақтар жиі келеді. Сондықтан облыс басшылығы ақпараттық-насихат жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда BI Group компаниясы салып жатқан жаңа Медиа-Орталықтың іске қосылуымен бұл бағыттағы жұмыстар жанданады деген сенім бар.

Медиа-Орталық құрылысының жоба жетекшісі Қуат Қожағұловтың сөзінше, Түркістандағы Медиа-Орталық ел астанасындағы "Қазмедиа" орталығынан кейінгі жаңадан салынатын екінші ірі кешен болмақ. Еске сала кетейік, бүгінде еліміздегі өзге медиа орталықтардың бәрі әлдеқашан салынған ғимараттарда орналасқан.

"Төрт қабатты орталықтың аумағы 3800 шаршы метр. Пайдалануға берілген соң, мұнда облыстық телеарна мен жергілікті үш газеттің редакциясы орналасатын болады. Сонымен қатар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының Түркістандағы өкілдіктеріне де орын табылады. Жобалауымызша, мұнда кем дегенде 500 адам еркін сыяды", – дейді Қуат Қожағұлов.

Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан BI Construction & Engineering компаниясының өкілдері Медиа-Орталықтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп сендірді.

Отандық нарықта 1995 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан, алыс-жақын шетелге танылып үлгерген BI Group компаниясына Түркістан секілді жаңа облыстың құрылыс саласын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сеніп тапсырған болатын. Белгілі компанияға Елбасы сенім артса, тұтас елдің де сенім білдіргені!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу