"Түркітілдес журналистер қоры" онлайн семинар-тренингтер сериясын бастайды

1229

Қор жанынан ашылған Медиа-тренерлер мектебінің қазақстандық және шетелдік мамандары өз тәжірибелерімен кеңінен бөліседі.

"Түркітілдес журналистер қоры" онлайн семинар-тренингтер сериясын бастайды

"Түркітілдес журналистер қоры" мен "Шеврон" компаниясы серіктесе отырып, "Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер" тақырыбына онлайн семинар-тренингтер сериясын бастайды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

2020 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында өтетін 40-қа жуық семинар-тренингке Қазақстанның барлық облыс, қалаларынан 150 журналист қатысады. Түркітілдес журналистер қорының жанынан ашылған Медиа-тренерлер мектебінің қазақстандық және шетелдік мамандары өз тәжірибелерімен кеңінен бөліседі.
Онлайн семинар-тренингтер барысында Еуропадағы әлеуметтік журналистика және оның стандарттары мен талаптары туралы "Avrupa" Медиа холдинг иесі Ватан Өз (Британия), Анадолы Спорт журналистері ассоциациясының басшысы Ибрахим Ердоған (Түркия), "Sabah" газетінің меншікті тілшісі Ибрахим Таш (Германия), Юсуф Чинал (Бельгия), Тандоған Уйсал (Швеция), Бирол Кылыч (Франция) тәжірибе бөліседі.

Отандық мамандар баянадама жасайтын тақырыптар арасында Қазақстан Республикасының "БАҚ туралы" заңы, журналистік этика, әлеуметтік психология және журналистика, әлеуметтік ток-шоу: контент қалыптастыру, әлеуметтік бағдарламаларға сценарий жазу, радиоарнадағы әлеуметтік жаңалықтар, fact-checking, storytelling, podkast, explanatory journalism, crytical thinking, time-managment, networking, social media brand т.б. бар.

"Шеврон" компаниясымен серіктестік қазақ тілінде жазатын журналистерді кәсіби тұрғыда дамытуға қатысты ойларымызды жүзеге асыруға көмектесті. Осының нәтижесінде біз әлеуметтік мәселелерді қозғауда әлемдік тәжірибеге сүйенуге, журналистикадағы жаһандық үдерістерге ілесіп отыруға және халықаралық серіктестік орнатуға мүмкіндік алдық", – дейді "Түркітілдес журналистер қоры" ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Семинар-тренинг қорытындысы бойынша журналистер өздері басымдық берген әлеуметтік жоба туралы авторлық эссе жариялауға тиіс. Үздік деп танылған 50 автор 2020 жылдың қарашасында Алматы қаласында болатын 2 күндік семинар-тренингке қатысуға жолдама алады. Қатысушылардың шығындары Түркітілдес журналистер қоры тарапынан төленеді. Қазылар алқасы іріктеп алған 5 үздік жеңімпаз 2020 жылы қайтыс болған журналистер – Бейсен Құранбек, Аманхан Әлім, Жолдасбек Дуанабай, Диас Омаров пен Қуандық Шамақайұлы атындағы ескерткіш сыйлықтармен марапатталады. Қазылар алқасының құрамына елімізге танымал журналистер мен "Шеврон" компаниясының өкілдері кіреді.

Жеңімпаздардың аты-жөндері Түркітілдес журналистер қорының ресми сайтында жарияланады.

"Түркітілдес журналистер қоры" қоғамдық қоры – Қазақстандағы медиа саласын дамытуға арналған ұйым. 2014 жылдың 11 қарашасында құрылған. Шет мемлекеттер мен Қазақстан аумағында БАҚ өкілдері үшін семинар-тренингтер, вебинарлар, журналистика курсы, пресс-турлар мен байқаулар ұйымдастырады. Қордың жанынан Медиа-тренерлер мектебі, Жас журналистер мектебі мен Әйел журналистер клубы ашылған. 2016 жылдан бастап "Шеврон" корпорациясының медиа саласы бойынша серіктесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу