Түркияның Орталық банкі бұрын АҚШ-тың федералды резерв жүйесінде сақталған алтын қорын қайтарды. Бұл жайында Trend ақпарат агенттігі хабар таратты, деп жазады islam.kz.
Аталған ақпарат көзі келтірген дерекке бойынша, АҚШ-тың федералды резерв жүйесінде Түркия Орталық банкінің 220 тонна алтын қоры болған. Ziraat және Vakifbank деп аталатын түріктердің тағы екі қаржы мекемесі АҚШ-та сақтаулы тұрған өздерінің алтын қорын қайтаруға кіріскен. Аталған екі банктің америкалық қаржы-несие мекемесіндегі "алты активі" 95 тоннаға жетіп жығылады.
2018 жылдың наурыз айындағы мәлімет бойынша, Түркия Орталық банкінің алтынмен сақталған қоры 25,3 млрд доларға бағаланып отыр.
Түркияның АҚШ-тағы алтынын қайтаруын сарапшылар шарасыздықтан деп отыр.
"Біріншіден - Түркия мен АҚШ арасындағы қатынасқа сызат түсті, екіншіден - Түркияның ішкі нарығындағы жағдай мәз емес: түріктердің ұлттық валютасы, яғни, лира доллар бағамына шаққанда құнсызданып барады, Түркияда ағымдағы шоттағы қаражат тапшылығы өсуде, инфляция қарқын алып келеді", - дейді сарапшылар.