Түркия аумағымен жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды

1178

Түркия аумағымен жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды

Астанада  Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) халықаралық қауымдастығы" ЗТБ жалпы жиналысы өткізілді. Отырыста ТХКБ бағдарындағы контейнерлік тасымалды дамыту мәселесі, 2018 жылы тұрақты контейнерлік пойыз жасақтау, сонымен қатар келесі жылы бағдардың бәсекелестікке сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тарифтік мөлшерлеме бекіту жайы қаралды, деп хабарлайды  "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.

"ТХКБ" ХҚ" ЗТБ басқарма төрағасы – "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Транскаспий бағдарының қазіргі таңдағы мән-маңызына тоқтала келіп "биылғы жыл аяғына дейін жоспарланған 700 мың тонна жүк орнына 1,2 миллион тоннаға жететіндігін" хабарлады.

"Бағдардың әрі қарайғы қызметін одан да жақсарта түсу үшін ТХКБ қатысушыларының барлығы ұзақ мерзімді бәсекелестікке сай келетін мөлшерлеме бекітіп алуымыз керек",-деген ұсыныс жасаған Қанат Алпысбаев "Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағдарының ашылуы мен оған Құрық портындағы автокөлік паром кешенінің іске қосылуы, екінші тынысы ашылған жаңа мүмкіндіктердің болашағы зор екендігін атап өтті".

"Бұл өз кезегінде азербайжан, грузин, түрік теміржолшыларымен бірлескен түрде жүк ағынын бұрынғыдан да толықтыра түсуге мүмкіндік әпереді. Қазақстан тарабы жүк ағындарын барынша өсіріп, жүк жеткізу жылдамдығын  14-15 күнге  қысқартуға күш салады",- дей келе Қанат Алпысбаев осы көршілес елдер арасында жүкті осы бағдармен жеткізудің ең ұзақ мерзімі 15 күн деп белгілеп, жол картасына қол қойылуы қажет екендігін атап өтті.

Қанат Алпысбаев ҚХР - Түркия/Грузия бағдарына айына кемі екі рет, тұрақты контейнерлік пойыздар ұйымдастыру керектігін  атап өтті. Оның сыртында 40-50 контейнер тиеуге болатын кемелерді пайдалану қажеттігін де әңгімеледі.

Халықаралық "ТХКБ" қауымдастығының қызметін одан әрі жақсарту туралы Түрік теміржолының басшысы В. Курт баяндады.

Жалпы жиналыс аясында мультимодальдық оператор "KTZ Express" АҚ мен Түркия темір жолы арасында Түркия аумағымен жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды.

Жалпы жиналыс шешімі бойынша, жаңадан тағайындалған "Грузия темір жолы" АҚ бірінші басшысы мен "Батуми теңіз порты" ААҚ басшысы қауымдастықтың басқарма құрамына қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу