Түркияның Ұлттық ұлы жиналысы (парламент) Әзербайжанмен арадағы әскери ынтымақтастық туралы "Шуша декларациясын" ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Декларацияны 266 депутат қолдап, 11-і қарсы дауыс берді.
1 ақпанда Әзербайжан парламенті декларацияны бекітті. Құжатқа өткен жылдың 15 маусымында Әзербайжан мен Түркия президенттері Ильхам Әлиев пен Режеп Тайып Ердоған Қарабақтағы Шуша қаласында қол қойған болатын.
Бұл декларация бойынша, Баку мен Анкара аумақтық тұтастығына басқа мемлекет тарапынан қауіп төнсе немесе шабуыл жасалған жағдайда бір-біріне көмектеседі.
Құжатта сонымен қатар Әзербайжан мен Түркия өз қарулы күштерін заманауи талаптарға сәйкес жетілдіру бойынша әрекет ететіні жазылған. Яғни тараптар жеке құраммен алмасып, бірлескен жаттығулар өткізеді. Екі елдің әскери-саяси ынтымақтастығы басқа мемлекеттерге қарсы бағытталып отырған жоқ.
Табиғат Нұрболат