Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Режеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал Қазақстан халқына өсіп-өркендеу тіледі. Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ Түркия Республикасы президентінің биылғы 9 қыркүйекте Астанаға жасайтын ресми сапарын талқылады.
Сонымен қатар, екі ел көшбасшылары биылғы 10-11 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткізу мәселелері бойынша пікір алмасты. Президенттер Қазақстан мен Түркияның кең ауқымды бағыттар бойынша қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін сындарлы диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Телефон арқылы сөйлесуге түрік жағы бастамашы болды.