Мадридте НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің көмегімен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Швеция Премьер-Министрі Магдалена Андерсон және Финляндия Президенті Саули Ниинисте кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Кездесу қорытындысы бойынша, СІМ басшылары үшжақты меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Түркия Мадридте өтетін НАТО саммитінде Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруін қолдайды. Тараптар лаңкестерді экстрадициялау жөнінде ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Процесс бұл елдердің заңдары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл елдердің одаққа мүше болуына ресми Анкара қарсы болып келген еді. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Швеция мен Финляндия Анкараның талаптарын орындамайынша альянсқа кірмейді деп мәлімдеді. Ол әскери блокқа мүше болу үшін бұл елдер терроризмді қолдауды тоқтатып, Түркияға қарсы салынған санкцияларды алып тастап, ынтымақтастыққа бет бұруы тиіс деп айтқан болатын.
Табиғат Нұрболат