Түркия Израильмен барлық сауда-саттықты тоқтатты

213

Түркия Израиль армиясының Газа секторындағы әскери операциясына байланысты Израильден тауар импорттау және экспорттауды толығымен тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркия Израильмен барлық сауда-саттықты тоқтатты Фото: agenzianova.com

Бұл туралы 2 мамыр, бейсенбі күні есімдері аталмаған екі түрік шенеунігіне сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі жазды.

Израиль Сыртқы істер министрі Исраэль Кац Анкарамен сауда-саттықты тоқтату туралы ақпаратты растады. 

DW ақпарат агенттігінің мәліметінше, сәуір айында Түркияның Сауда министрлігі Газа секторында атысты тоқтатуды және аймаққа гуманитарлық көмектің кедергісіз ағынын қамтамасыз етуді талап етіп, Израильге 54 санаттағы тауар экспортына шектеу қойды.

Кац X әлеуметтік желісінде Түркияның бұл шешімі – түрік халқы мен бизнес өкілдерінің мүдделерін елемеу, халықаралық сауда келісімдерін елемеу деп жазды.

Оның айтуынша, Израиль Түркиямен сауда-саттыққа дереу балама жасап, жаңа жеткізушілер тауып, жергілікті өндірісті ұлғайтуға кіріспек. 

Бұған дейін Түркияның Сауда министрлігі Газа секторында атысты тоқтатқанға дейін және аймаққа гуманитарлық көмектің жеткілікті көлемін кедергісіз жеткізуді қамтамасыз етпейінше, Израильге экспортты шектейтінін мәлімдеген.

Шектеу 9 сәуірде күшіне еніп, тауарлардың 54 санатына қатысты болды, соның ішінде болат, керосин, тыңайтқыштар, құрылыс жабдықтары және көліктер бар.

Түркия статистика институтының мәліметінше, Түркия мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 6,8 млрд долларды құрады. Оның 76 пайызы түрік экспортына тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу