Түркия Қазақстанның "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қызығушылық танытып отыр

437

Бұл туралы "Бауырлар басқосуы" жобасында айтылды.

Түркия Қазақстанның "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қызығушылық танытып отыр Фото: inbusiness.kz

Түркия Республикасының құрылғанына жүз жыл толуына орай жастар және спорт министрлігі “Бауырлар басқосуы” жобасын жүзеге асырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz

Шара аясында Түркияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінен 20-ға жуық делегат келді. Олардың әрқайсысы өз елінде жастарға қатысты салада қызмет атқарып жүргендер. Аталмыш жобаның мақсаты түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдер арасындағы ынтымақты арттыру, салт-дәстүрін, мәдениетін жақыннан тану. Ыстанбұлдан бастау алған бағдарлама аясында қатысушылар қаладағы тарихи жерлерді аралап, Түркияның өткеніне көз жүгіртті. Одан кейін Анкараға келіп, Республиканың жүз жылдығына арналған шараларға қатысты. Алдымен Түркия Республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесін зиярат етті. Содан соң Түркия ұлы ұлттық мәжілісі мен қаланың көрікті жерлерін аралады. Сондай-ақ, мұнда жастар және спорт министрінің орынбасары Сафа Кочоғлұның  қабылдауында болды.

Әр мемлекеттен келген қатысушы өз елінде жастарға қатысты қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Осы орайда министрдің орынбасары Қазақстанның “Дипломмен ауылға” бағдарламасына ерекше қызығушылық танытты. Жоба жайында бірқатар сұрақ қойып, егжей-тегжейлі сұрады. Тіпті, жақында Қазақстанға іс-сапармен баратын топқа осы бағдарлама бойынша ауылдардың біріне баруды тапсырды. Егер аталмыш жоба көңілден шықса, Түркияда да осыған ұқсас бағдарлама енгізілуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу