Түркия мен Әзербайжан өзара визасыз режимін енгізді

740

Қос елдің азаматтары 90 күн бойы жеке куәлікпен сапар шеге алады. 

Түркия мен Әзербайжан өзара визасыз режимін енгізді

10 желтоқсанда Әзербайжан мен Түркия өзара визасыз режимін енгізді. Құжатқа тараптардың Сыртқы істер министрлері қол қойды. 

Ресми дерек бойынша, енді осы елдердің азаматтары 90 күн бойы жеке куәлікпен сапар шеге алады. 

"Бұл бастама "бір ұлт – екі мемлекет" ұранына сай келеді", -деді Түркияның Сыртқы істер министрі. 

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев соғысты болдырмау үшін Анкара мен Баку аймақтағы ынтымақтастықты нығайту керек екенін мәлім етті. Оның сөзінше, егер Армения Таулы Қарабақтағы қақтығыстан сабақ алған болса, бұл серіктестікке қосыла алады. Әлиев өз сөзінде көршілес елдердің басшылары "келешекті ойлау керек" дегенді айтты.

Еске сала кетсек, 10 желтоқсанда Баку қаласында Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыстағы жеңіске орай әскери шеру ұйымдастырылды. Бұл шараға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған келді. Ресми Анкара шеруге 2783 әскери қызметкерін жіберген болатын. 

Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған еді. 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев аймақтағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойып, қос тарап бітімге келді.

Табиғат Нұрболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу