Түркия министрі қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады

1133

Түркия министрі қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлюд Чавушоғлы отандастарымызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА хабарлады.

"Бүгін орайы келіп тұрғанда Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанның 25 жыл ішінде қандай жетістіктерге жеткенін көріп отырмыз", – деді бүгін Алматыда Қазақстан-Түркия СІМ кездесуінен кейінгі брифингте Түркия сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мевлюд Чавушоғлы.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен де құттықтады.

Өз сөзінде Мевлюд Чавушоғлы Қазақстанның Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әскерилердің оқиғасынан кейін Қазақстанның алғашқы болып қолдау көрсеткенін де атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі аясындағы стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобының отырысы өтті. Жиынға Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов пен Мевлюд Чавушоғлы қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу