Шілдеде болған бүліктен соң Түркияда енгізілген төтенше жағдай режимі ел парламентінің шешімімен 19 қаңтардан бастап тағы үш айға ұзартылды, деп хабарлайды Anadolu агенттігіне сілтеме жасаған РИА Новости.
Түркияда ТЖ режимі бүліктен соң үш ай мерзімге енгізіліп және ол мерзімінің аяқталуына байланысты тағы да сонша уақытқа ұзартылған болатын.
Түркияда 16 шілдеде бір топ бүлікші әскери төңкеріс жасамақ болды. Негізгі қақтығыс Анкара мен Стамбұлда болды. 240-тан астам түрік азаматы қаза тауып, 2 мыңнан астам адам жарақат алды.
Түркия билігі төңкеріс жасауға қатысы бар деп оппозицияшыл уағызшы Фетхуллах Гүленді кінәлап, АҚШ-тан оны экстрадациялауды талап етті. Гүленнің өзі болса бүлікті айыптап, өзінің оған қатысы жоғын мәлімдеді. Түркиядағы Гүленнің ұйымымен байланысы бар деген айыппен бүліктен соң 32 мыңдай адам қамауға алынып, 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды немесе шеттетілді.