Ердоған Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлғаға құрмет ретінде мавзолейге гүлдестесін қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Ұлт бірлігі мен ниеттестікті нығайту, елдің қуатын дамыту және нығайту бойынша күш-жігерді жалғастыруға дайын екендігімізге кезекті рет сендіреміз", - деді ол Ататүрік мавзолейінде.
Түркия басшысының кортежі президенттік кешеннен парламентке жеткенге дейін жол бойында қалың халық жиналып тұрды. Адамдар Ердоғанның көлігін гүлдермен көмкеріп тастады. Осылайша, Түркия парламенттік басқару формасынан ресми түрде президенттік республикаға ауысты.
Айта кетейік, 4 шілде күні Түркияның Жоғарғы сайлау комиссиясы 24 маусым күні өткен ел президенті мен парламентінің кезектен тыс жалпыұлттық сайлауының қорытындыларын жариялаған болатын. Оған сәйкес, Әділдік және даму партиясымен және Ұлттық іс-әрекет партиясымен (MHP) құрылған - "Халық альянсынан" кандидат ретінде ұсынылған Режеп Тайип Ердоғанға 26 млн 330 мың 823 (52,59%) сайлаушы дауыс берді.
Түркия президенттігіне өзге кандидаттардың жинаған дауыстары келесідей: Республикалық халық партиясынан үміткер (CHP) Мухаррем Индже - 30,64 % дауыс; İYİ партиясының көшбасшысы Мераль Акшенер - 7,29 % дауыс; Демократиялық халық партиясынан үміткер (HDP) Селахаттин Демирташ - 8,40 % дауыс; Saadet партиясының төрағасы Темель Карамоллаоглу - 0,89% дауыс; "Отан" партиясының көшбасшысы Догу Перинчек 0,20% дауыс жинады.
Ал парламенттің 27-інші шақырылымына бес партия өтті. Атап айтқанда, Әділдік және даму партиясы - 295 мандат, Республикалық халық партиясы - 146, Демократиялық халық партиясы (HDP) - 67, Ұлттық іс-әрекет партиясы - 49 және İYİ партиясы 43 мандат алды.