Түркия президенті: Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін

967

Түркия президенті: Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін

Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қанша кездессек те көп болмайды. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы Түркия президентінің Қазақстанға жасаған соңғы сапары кезінде экономика саласына қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

"Қабылданған келісімдер аясында көп жұмыс атқарылуда, көптеген жобалар іске асырылды. өңірлік сипаттағы проблемалар бізде де, Түркияда да бар. Бүгінгі кездесуіміз сол мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді", – деді Қазақстан президенті.  

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президентіне биылғы 10 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.    

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Түркия республикасының президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. 

"Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанмен Алматы қаласына барған сапарымда танысқан едім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін", – деді Р.Ердоған.

Түркия президенті өз елінің Қазақстанмен саяси, экономикалық, мәдени, әскери қатынастарды дамытып жатқанын атап өтті.    

"Бүгінде елдеріміз арасындағы сауда айналымы 2 миллиард доллар шамасында. Әрине, бұл жеткілікті емес. Біз келіскендей, мақсатымыз – сауда айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Түркия мен Қазақстанның әлеуеті оған жеткілікті",  – деді Түркия Республикасының басшысы.

Сондай-ақ Р.Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше алғысын білдірді.  

Түркия президенті биылғы 14 қыркүйекте Астанада Сириядағы жағдайға қатысты кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу