Түркия Starlink-ке балама жүйені құруды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспарланған 198 спутниктің алғашқысын екі жыл ішінде іске қосу көзделіп отыр. Бұл туралы Анталияда өтіп жатқан Халықаралық астронавтика конгресінде Түркияның Aselsan әскери-өнеркәсіптік кешені компаниясының бас директоры Ахмет Акиёл айтты.
"Біз бұл жобаны іске асыруға өткен жылдың соңында кірістік. Бізде төмен орбитада орналасатын 198 спутникке ие топтама болады. Оның алғашқысын екі жыл ішінде ұшыру жоспарланған. Спутниктің отандық экожүйе тарапынан әзірленген өзіндік сигнал формасы, чиптері мен ішкі жүйелері болады", – деді Ахмет Акиёл.
Оның айтуынша, Astralink жүйесі Түркияны ғана емес, оған достас мемлекеттерді де тұрақты байланыспен қамтамасыз ететін болады.
Gökbağı деген атпен танымал Astralink жүйесі Түркияда технологиялық тәуелсіздік стратегиясы аясында әзірленіп жатыр. Оның спутниктік чиптерді, бағдарламалық алгоритмдерді және антенна қабылдағыштарын қамтитын барлық базасын Aselsan компаниясы жобалаған.