Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ирандық әріптесі Ибрахим Раисимен телефон арқылы тілдесіп, Керман провинциясында болған лаңкестік әрекетте құрбан болғандарға көңіл айтты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар, бұл туралы Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің баспасөз хабарламасында айтылған.
Хабарламаға сәйкес, түрік басшысы бейбіт тұрғындарға бағытталған лаңкестік әрекетті айыптады.
Сондай-ақ, Ердоған Түркияның терроризммен күресте Иранды қолдайтынына сендірді.
Бұдан бөлек, түрік лидері Иранды лаңкестікпен күресте бірге әрекет етуге шақыратынын мәлім етті.
Сонымен қоса, Иран президентінің ертеңге жоспарланған Түркияға сапары кейінге қалдырылды.
Айта кету керек, Иранның Керман провинциясында Касем Сүлеймани бейіті маңында болған екі жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 103-ке жетіп, тағы 211 адам жараланды.
Еске сала кетейік, оқиға 2020 жылдың 3 қаңтарында Бағдадта АҚШ-тың әуе шабуылынан ирандық генералдың қайтыс болғанына 4 жыл толғанда орын алды.
Бұған дейін, Ибрахим Раисидің 4 қаңтарда Анкараға келетіндігі хабарланған болатын. Олар Түркия-Иран жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің сегізінші отырысын ашпас бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке келіссөздер жүргізуі қажет еді.