Түркия жаңа конституция қабылдауы мүмкін

625

Бұл туралы Түркия президенті мәлімдеді.

Түркия жаңа конституция қабылдауы мүмкін Фото: РИА Новости

Кеше Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің 28.мерзімі басталды. Ашылу кезінде сөз алған Режеп Тайып Ердоған елдің жаңа конституциясын қабылдайтын уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты ntv.com.tr-ге сілтеме жасап.

Жаңа сессияның ашылуында мемлекет басшысы Ердоған Түркия парламенті республиканың жаңа конституциясын әзірлеуге басымдық беру керектігін айтты. Қоғамның барлық топтарын жаңа конституция үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Осы парламенттік сессиядағы басты міндет – жаңа конституция әзірлеу деді өз сөзінде.

Түркия Республикасының жүз жылдық тойын жаңа конституциямен тойлайық. Қазіргісі жамау көрпеге айналды. Бірнеше жыл бұрын басқа партияларды конституцияның жаңа мәтінін бірлесіп әзірлеуге шақырдық. Өкінішке орай, олар нақты қадамдар жасау кезінде өздерінің жайлылық аймағынан шыққысы келмеді. Біз идеялары мен ұсыныстары бар әрбір адамды жаңа конституция бойынша жұмысқа қатысуға шақырамыз. Түркия елден, қоғамнан артта қалған емес, керісінше жол ашатын, нұрландыратын, көкжиегін кеңейтетін конституцияға лайық, - деді Ердоған.

Айта кетейік, Түркияның қазіргі қолданыстағы конституциясы 1980 жылғы әскери төңкерістен кейін қабылданды. Осы уақыт ішінде ол  20-дан астам рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Қазіргі биліктің пікірінше, ол республиканың заманауи шындығы мен талаптарын көрсете алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу