Оriental express басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады.
Әлеуметтік желі платформалары тіркелу кезінде пайдаланушылардың жасын мемлекеттік e-Devlet порталы арқылы тексеруге міндеттеледі. Белгіленген жасқа толмаған балаларға аккаунт ашуға рұқсат берілмейді.
15 жастан асқан жасөспірімдерге де бірқатар шектеу енгізіледі. Олардың аккаунттары жабық болуы керек, ал хабарламаларды тек өздеріне жазылған пайдаланушылардан ғана ала алады. Сондай-ақ жасөспірімдерге тікелей эфир жүргізуге, жекелендірілген жарнамалар мен басқа аккаунттардың ұсыныстарын алуға, телефон кітапшасындағы және өзге сервистердегі контактілерді синхрондауға тыйым салынады.
Әлеуметтік желілер ата-аналар мен қамқоршыларға балалардың аккаунттарын бақылауға арналған құралдар ұсынуға міндетті болады. Ересектер балалардың профиль баптауларын басқарып, платформаларды пайдалану уақытына шектеу қоя алады және ақылы операцияларды растау мүмкіндігіне ие болады.