Түркияда арзан несие алушылар қатары 60%-ға көбейді

1450

Халықаралық валюта қоры Түркия экономикасының өсімі биыл 5 пайызға азаятынын айтады. Өйткені наурыз айының өзінде елге келетін туристердің қатары 68, экспорт 41 пайызға кеміген. 

Түркияда арзан несие алушылар қатары 60%-ға көбейді

Түркияда арзан несие алушылар қатары күрт көбейген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 60 пайызға өсті. Себебі мемлекеттік банктер бизнесті тығырықтан шығару үшін оларды қайта қаржыландырып жатыр, деп хабарлайды Atameken Business. 

Коронавирустан келген зардапты жою үшін түрік үкіметі шағын және орта бизнесін қолдап, оларға арзан несие беріп жатыр. Базалық пайыздық мөлшерлеме төмендеген соң, соңғы 13 аптада банктен коммерциялық несие алғандардың қатары 80, ал саудасын қыздыру үшін қарыз сұрағандар саны 45 пайызға өскен. Себебі өндірісті сақтап қалудың басқа амалы жоқ.

Экономиканы тығырықтан шығару үшін 200 млрд лира бөлген Үкімет борышты жыл соңына дейін қайтаруды міндеттемейді. Осы уақыт аралығында жағдайды реттеп алуды көздегендер тәуекелге бел буды. Олардың дені несиені мемлекеттік банктерден алған.

Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын ескерткен жергілікті сарапшылар елдегі жағдай мәз емес дейді. Қазірдің өзінде мемлекеттің 168 млрд доллар қарызы бар. Орталық банктің қорындағы қаражат 86 млрд қана. Дегенмен, Экономика министрі осынша қаражат тығырықтан шығуға жетеді деді. Әрі ол қарыздың дер кезінде қайтарылатынына сенімді.

Халықаралық валюта қоры Түркия экономикасының өсімі биыл 5 пайызға азаятынын айтады. Өйткені наурыз айының өзінде елге келетін туристердің қатары 68, экспорт 41 пайызға кеміген.

Сарапшылар биыл туризм саласы құрдымға кетеді деп отыр. Былтыр бұл ел жиһанкездердің есебінен 34 млрд доллар пайда тапқан. Енді мұндай табыс болмайтыны анық. Билік Халықаралық валюта қорынан қарыз алғысы келмейді. Сондықтан Ердоған жағдай ушығып бара жатса, Федералды қор жүйесінен көмек сұрауы мүмкін.

Фото: lacigaleclub.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу