Түркияда 55 жастағы ер адам таудағы үңгірді тұрақты мекеніне айналдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Haberler басылымының жазуынша, Әли Бозоғлан жер сілкінісі салдарынан баспанасыз қалған.
"Мен осында жер сілкінісінен кейін екі жыл бойы тұрып жатырмын. Үңгірде тыныштық таптым. Бұл үңгірдің пайда болғанына мыңдаған жыл болған, ол әлі бұзылмаған қалпы тұр. Мен барлығынан жырақтамын. Дефне аудандық әкімшілігі үйді кез келген жерде беретінін айтты, алайда мен үңгірді таңдадым. Мен кір жуамын, тазалаймын, тамақ пісіремін. Үңгірмен байланысты жақсы естеліктерім бар. Барлық адамнан алыстамын, табиғатпен біргемін", – деді Түркия тұрғыны.
Сөзінше, электр қуатымен байланысты қиындық бар.
Әли Бозоғланның әйелі мен үш баласы бөлек тұрады. Олар мемлекет тарапынан көмек алған.