Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Фараби Анадолы лицейінің мұғалімі Мехмет Билгилиге оның жиені оқ атқан. Алдын ала мәлімет бойынша, туыстар арасында белгісіз себеппен жанжал туындаған.
Кикілжің кезінде күдікті тіркелмеген атыс қаруын қолданып, мұғалімге бірнеше рет оқ атқан. Ауыр жараланған Билгилиге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Оқиғадан кейін күдікті қашып кетуге әрекет жасаған. Алайда полиция қызметкерлері оны көп ұзамай ұстаған.
Османие провинциясының губернаторы Мехмет Фатих Серденгечти бұл оқиғаның мектептегі білім беру процесіне немесе оқушыларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Қарулы шабуыл туыстар арасындағы жанжалдан туындаған", – деді губернатор.
Оның айтуынша, марқұм мұғалім жиенін өзі тәрбиелеп, оған баласындай қараған. Соңғы уақытта екеуінің арасында келіспеушіліктер болған.
Қазір оқиғаның мән-жайын полиция мен прокуратура анықтап жатыр.