Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу Стамбұлда түнгі клубта теракт жасаған адамның кім екені анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Бұған дейін түркиялық БАҚ полициядағы дереккөзге сілтеме жасай отырып лаңкестің Қырғызстан азаматы Яхья Машрапов екенін айтқан болатын. Бұл ер адам аталған қылмысқа қатысы барын жоққа шығарды.
Сонымен қатар Қырғызстанның СІМ де Түркиядан республика азаматына қатысты қандай да бір сауал түспегенін мәлім етті.
Шабуыл жаңа жыл түнінде жасалды. Қолында автоматы бар ер адам лық толы клубқа кіріп келіп, оқ жаудырған. Осының салдарынан 39 адам көз жұмып, 69 адам жараланды. Лаңкестік шабуылды "Ислам мемлекеті" ұйымы өз мойнына алды.
Қылмыскерді бірден қолға түсіру мүмкін болмады, ол қазір іздестіріліп жатыр.