Түркия туризм индустриясының кірісі бойынша жаңа рекорд орнатты. 2022 жылы көрсеткіш 46 млрд доллардан асты. Бұл бір жыл бұрынғыдан 53,4% жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz Түркия Статистика институтының деректеріне сілтеме жасап.
"2022 жылы туризмнен түскен кіріс өткен жылмен салыстырғанда 53,4%-ға өсіп, 46,28 млрд долларға жетті. Түркиядағы туристердің жеке шығындары 34,47 млрд долларды, ал турпакеттердегі шығындары 11,8 млрд долларды құрады", – деп жазылған хабарламада.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың төртінші тоқсанында туризмнен түскен кіріс өткен жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда 22,2%-ға өсіп, 11,37 млрд долларды құрады. Оның 15%-дан астамы шетелдік саяхатшылардан түскен.
2022 жылдың төртінші тоқсанында туристердің қалтасынан жұмсалған шығындар 8,27 млрд долларды, ал турпакеттерге жұмсалған шығындар шамамен 4 млрд долларды құрады.
2022 жылы Түркияға 44 млн-нан аса шетелдік турист келді, оның 5,2 млн-ы ресейліктер.