Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау-шаңғы шипажайында болған өртке байланысты 22 қаңтарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Anadolu агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, елде және шетелдегі елшіліктерде мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Еске салайық, 21 қаңтарға қараған түні Карталкая тау-шаңғы шипажайында болған өрт салдарынан қазіргі уақытта 76 адам қаза тауып, 50-ден аса адам жарақат алған.
Үкімет отырысынан кейін Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оқиғаға кінәлілердің лайықты жазасын алатынын айтты.
– Қайғылы оқиғаға қатысы барлар, сондай-ақ абайсыздық пен құқықбұзушылықтарға кінәлілер заң алдында жауап береді, – деді ол.
Ұлттық аза тұту белгісі ретінде елдің әр жеріндегі, сонымен қатар Түркияның шетелдегі өкілдіктеріндегі тулар таңнан күн батқанға дейін жартылай түсіріледі. Бұл қайғылы жағдайдағы ел бірлігін білдіреді.
– Қазір саясаттың емес, бірлік пен қолдаудың уақыты. Біз барлығын, соның ішінде саясаткерлерді, бұқаралық ақпарат құралдарын және жергілікті үкіметтерді азаматтарымыздың қайғысын бөлісуге шақырамыз, – деп сөзін жалғады Ердоған.
Соңғы мәліметтер бойынша Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы базасында болған өртте қаза тапқандар саны 76 адамға жетіп отыр, жараланғандар саны да 50-ден асады.