Түркиядағы құтқару жұмыстарына 10 волонтер аудармашы тартылған – ТЖМ

918

Ведомствоның мәліметінше, олар Түркия Республикасында білім алып жатқан отандық студенттер көрінеді. 

Түркиядағы құтқару жұмыстарына 10 волонтер аудармашы тартылған – ТЖМ Фото: TRT Haber

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев  қазақстандық құтқарушылардың Түркиядағы табиғи апат аймағында жүргізген іздестіру-құтқару жұмыстары туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz

"Тілдік кедергіні жою мақсатында Қазақстан Республикасының Елшілігі Түркияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер қатарынан еріктілерді тарту мәселесін пысықтады. Барлығы 10 волонтер аудармашы тартылды", - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, жер асты дүмпулері Түркияның 10 провинциясына әсер етті.

"Оның ішінде Қахраманмараш, Хатай, Газиантеп аймақтары қатты зардап шеккен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркия Республикасында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін 100-ге жуық адамнан тұратын Төтенше жағдай министрлігінің Астана, Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды облысының жиынтық тобы құрылды. Оның ішінде ТЖМ 6 бірлік техникасы, министрліктің жедел тобының 3 өкілі, апаттар медицина орталығынан 10 дәрігер, республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен 6 кинологиялық есеп тобы бар", - деді министрлік өкілі.

Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, ТЖМ күштері Түркия құтқарушыларымен бірлесіп Қахраманмараш, Хатай, Газиантеп өңірлерінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген кезден бастап 7 адам құтқарылды. Бұдан бөлек қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан шығарылған.

"Осы кезең аралығында барлығы 200 жергілікті тұрғын мен құтқарушыларға, оның ішінде 30 балаға медициналық көмек көрсетілді", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу