Түркиядағы оппозицияның жақтастары неліктен зілзаладан зардап шеккендерге шүйлікті

1484

28-мамырда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді. Себебі кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмады.

Түркиядағы оппозицияның жақтастары неліктен зілзаладан зардап шеккендерге шүйлікті Фото: google.com

14-мамырдағы сайлаудың қорытындысы шыққаннан кейін әлеуметтік желілерде жер сілкінісі болған аймақтың тұрғындарын қаралаған пікірлер қаптап кетті. Осылайша оппозицияның жақтастары кінәні зілзаладан зардап шеккендерден іздеді.   

Президент және парламент сайлауында ел бойынша 60 миллионнан астам адам дауыс берген. 6-ақпанда жер сілкінісі болған қалалардың көпшілігі Ердоғанды таңдаған. Ол он бір қаланың сегізінде жоғары дауысқа ие болды. Ең көп дауысты жер сілкінісінің ошағы Кахраманмараш провинциясының тұрғындары берді. Ердоған бұл қалада 71,9 пайыз, ал қарсыласы Кылычдароғлу небәрі 22,2 пайыз дауыс жинады. Апат болған аймақтың тұрғындары Ердоғанға көп дауыс бергені белгілі болған соң оппозицияның жақтастары зілзаладан зардап шеккен аймақтың тұрғындарына шүйлікті. 

"Құттықтаймын, Қахраманмараш, сен менің саған деген сезімімді жойдың, рахмет. Дәлірек айтсақ, қаза тапқан қала тұрғындарына жасалуы мүмкін ең үлкен жамандықты өз қолыңмен жасадың".

"Осы уақытқа дейін ешкім туралы жаман пікір айтқан емеспін. Алла сізге ақыл берсін деп қана айтамын. Мүмкін сол шатырларда естеріңізді жиярсыз".

"Құттықтаймын, Қахраманмараш, бұдан былай сені тағдырыңмен жалғыз қалдырамыз!".

"Мен туып-өскен ауданнан жер сілкінісі болған аймақтарға 500 көмек көлігі аттанды, мен бір ғана ауданды айтып отырмын. Тағы да келеңсіз жағдай болса, өздері тығырықтан шығудың жолын іздейтін шығар".

Бұлар ensonhaber.com сайтында жарияланған пікірлердің кейбірі ғана. Бұдан бөлек  балағатқа толы қаншама пікір бар. 

Танымал өнер адамдары мұндай ауыр сөздерге шыдай алмай әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы пікір білдірді. "Мың бір түн" сериалы арқылы көпшілікке танысБергүзар Корел көрсетілген көмектің сұрауын сұрайтындай деңгейітөмен халық емес едік қой деді.

- Бәрінен айырылған адамдар бұл жазбаларды оқып жатыр. Мыңдаған адам өлді! Ал отбасынан, жақындарынан, үйінен айырылса да тірі қалып, өмір сүруді жалғастырып жатқандар бұл пікірлерді оқығанда қандай күйде болады?! Ойлап көрдіңіз бе?, - деп жазба қалдырды.

Елдің құқық қорғау органдары бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Мәселен, зілзаладан зардап шеккендерді тикток әлеуметтік желісі арқылы балағаттаған видео авторына қатысты тергеу басталды. Бұдан бөлек бірнеше адам тұтқындалды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Ал жергілікті CNN және канал D телеарналарына сұхбат берген президент Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккендерге қарсы топтың әрекетін сынға алды.

- Зілзаладан зардап шеккен тұрғындарды қаралады. Оларға ауыр сөздер айтылды. Бұл дұрыс емес. Апаттан 50 мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың кейбірі әлі күнге дейін ата-анасының қайтыс болғанын білмейді. Естерін енді жиып келе жатқан тұрғындарымызды қаралағанның орнына олардың жан-жарасын бірге жазайық. Көмек көрсетейік, қажеттіліктерін өтейік, - деді президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу