"Теңізшевройл" (ТШО) Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан Баку-Тбилиси-Жейхан (БТД) бағыты бойынша мұнай экспортын бастай алмады. Бұл туралы арнайы брифингте ТШО бас директоры Кевин Лион мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазір біз "ҚазМұнайГаз" компаниясымен арнайы бағытты анықтау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені Теңізден теміржол арқылы мұнай жөнелтіледі. Өкінішке орай, Түркияда болған жер сілкінісі инфрақұрылымға әсер еткенін бәріңіз білесіздер. Тиісінше ол Түркиядағы Жейхан терминалына да әсер етті", – деді ТШО бас директоры.
Сонымен қатар ол қазір бағыт әлі іске қосылмағанын атап өтті.
"Қазір бізде сынақ режимінде жөнелтілімдерді жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ, сондықтан бағыт әлі іске қосылмаған. Біз зілзала салдарынан зардап шеккен адамдар үшін дұға етеміз және мүмкіндігіміз болған кезде сынақ жұмыстарын бастаймыз", - деді Кевин Лион.
Еске сала кетсек, "Теңізшевройл" компаниясы Қазақстанның Атырау облысындағы Теңіз және Королевское мұнай-газ кен орындарын игеруде. Оның қатысушылары: "Шеврон" (50% үлес), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы арқылы Қазақстан (20%), Лукарко (5%).