Түркияның ішкі істер министрлігі халықаралық терроризмге қарсы күреске байланысты қорытынды есебін жариялады, деп хабарлайды abctv.kz.
Түркия үкіметінің терроризмнің таралуына қарсы күресіндегі шараларының бірі елге террорлық ұйымдармен байланысы бар азаматтарды кіргізбеу. 2014 жылы осы мақсатта құрылған бөлімше қазірге дейін террорлық ұйымдармен байланысы бар деген 17 500 шетелдікке тексеру жүргізген, 4550-ін жер аударған.
Сонымен қатар террорлық ұйыммен байланысы бар және Түркия аумағында соғыс қимылдарын жасауы мүмкін деген 53781 шетелдік қара тізімде тұр.
Қара тізімдегі қазақстандықтар саны – 1914. Тізімге қосылғандар қатарында 4128 ресейлік, 2651 тәжікстандық, 1677 әзербайжандық азаматтар бар. Қара тізімге іліккендер ішінде ең көбі Сауд Арабиясының азаматтары – 7523, Франциядан – 2622 адам.
Түркия 2013 жылы ДАИШ-ты елдің министрлер кеңесінде террорлық ұйым ретінде таныған болатын.