6 ақпан күні болған зілзаладан соңғы деректер бойынша, 5775 ғимарат зардап шеккен, 7108 адам қаза тауып, 41 мыңға жуығы жарақат алған, деп жазады inbusiness.kz.
Таңғы төртте болған алғашқы дүмпуден кейін 648 жер сілкінісі тіркелген. Зілзала аумағы 1 мың шаршы шақырымға дейін жетіп, 13,5 миллион адам тұратын 10 провинцияғы зақым келтірді.
Түркия басшысы жер сілкінісінің бірінші күнінен ел бойынша төтенше жағдайдың 4-ші деңгейін жариялады, яғни зілзала зардабымен күресуге халықаралық көмек керектігі белгілі болды.
Бүкіл әлем бойынша 75 ел көмек беруге дайын екенін мәлімдеп, 36 елден 4000 құтқарушы мен қосымша құралдар жеткізілді.
"Соның ішінде Қазақстан біріншілер қатарында Президенттің бастауымен көмек көрсетуге ниет білдірді. Зілзаланың бірінші күнінен СІМ, ТЖМ мен басқа да құзырлы органдарымен үздіксіз байланыс жасап жатырмыз. Қазірдің өзінде 2 ұшақ жіберілгені белгілі. Қазақстанның қол ұшын беріп, қолдағанына алғыс білдіремін", - деді елші.
Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылатын болады. Бірінші топтың құрамында 41 адам болды. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.