31 шілдеден бастап Алматы мен Түркияның Измир қаласы арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа бағыт бойынша рейстерді SunExpress әуе компаниясы орындайды. Әуежай өкілдерінің айтуынша, бұл бағыт Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ Алматының халықаралық бағыттар желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Рейстер қазан айының соңына дейін аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Boeing 737-800 ұшағымен жүзеге асырылады. Ұшақ Измирден кешкі сағат 21:00-де ұшып шығып, келесі күні таңғы 05:00-де Алматыға қонады.
Алматыдан Измирге кері рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу уақыты – 06:25, ал Түркияға келу уақыты – 09:50.
Әуежайдың мәліметінше, жаңа әуе бағыты екі мемлекет арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық сапарларды жолаушылар үшін қолжетімді ете түседі.