Бүгін Turkish airllines "Тюрк Хава Йоллари" әуекомпаниясы Алматы қаласында "Ертіс" ФК-ның дәрігері Александр Гайдуковке 22 қаңтар күні ТК 350 бортында жолаушының өмірін құтқарып қалғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы павлодарлық "Ертіс" ФК-ның баспасөз қызметінен мәлім болды. Алғыс ретінде түркиялық әуекомпания дәрігерге А320 ұшағы үлгісіндегі кәдейсый мен 2017 жылдың 27-қаңтар күніндегі рейсте апгрейд процедурасын қолдану мүмкіндігін ұсынды. Аталмыш жеңілдік бойынша Александр Гайдуков бүгінгі күн ішінде барлық бағытта экономиялық класстан бизнес класс деңгейіндегі қызмет көрсетуге ие бола алады.
"Көптеген жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, жинаған мол тәжірибеңіз бен оқыс жағдайда жылдам шешім қабылдай алуыңыз Сіздің адал әрі нағыз азамат екендігіңізді дәлелдейді. Біз Қазақстан Республикасы футбол Федерациясы мен "Ертіс" клубы арасындағы өзара қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да екеуара жемісті жұмыстар атқарыларына сенімдіміз", – деп жазылған алғыс хатта.
Естеріңізге сала кетсек, "Ертіс" клубының құрамы Түркиядан Қазақстанға ұшып келе жатқанда жолаушылардың бірі өзін нашар сезінген. Өз кезегінде павлодарлық ұжымның дәрігері Александр Гайдуков қажетті алғашқы көмек көрсетті. Кейін жолаушы есін жиды.