Түркиялық азамат ақтөбелік тәртіп сақшыларына алғыс білдірді

1125

Ол Темір ауданындағы жол бойында екі апта түнеген.  

Түркиялық азамат ақтөбелік тәртіп сақшыларына алғыс білдірді

Ақтөбе облысына қарайтын трасса бойында шетелдік азамат айдап келе жатқан көлігі аударылып қалып, ол екі апта бойына сол жерді мекендеген болатын. Түркиялық Экрем Альптекин еліне барғаннан кейін осы уақыт ішінде көмек көрсетумен болған ақтөбелік полицейлерге ризашылығын бейнежазба арқылы жазып жіберді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен сәуір айында "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының 29 шақырымында Ақсай ауылының маңында Экрем Альптекин айдап келе жатқан ірі жол көлігі аударылып, шұңқырға түсіп кетеді. Анықталғандай, жүргізуші Түркиядан Қырғызстанға дәрі-дәрмек алып келе жатыр екен. Кенеттен рульді басқара алмай қалыпты. Оның серіктесі айдап келе жатқан тағы бір осындай жүк көлігі Қырғызстанға кеткен екен. Оның кері қайтып келуін күтпек болған Экрем енді айдалада жалғыз қалады.

Осы күндері серіктесі қайтып келгенге дейін, көлік жүргізушісіне Темір ауданы Ақсай ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Абылай Тәжин көмек көрсеткен. Ол шетелдік азаматтың ас-суын тасып, түскі асқа үйіне апарып, түнде демалатын орынмен қамтамасыз еткен. Оқиға орнына Темір ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев барып, мәселені жеке өзінің қадағалауына алады.

"Екі аптадан кейін екінші жүк көлігіндегі серіктесі тауарларды тапсырып, Бішкектен оралды. Жүргізушілер тауарға тапсырыс берушінің қатысуымен дәрі-дәрмектерді басқа көлікке тиеп, Бішкекке жіберді. Осыдан кейін учаскелік полиция қызметкері кранды бекітіп, жүк көлігін кюветтен алып шығуға көмектесті. Автокөлікті бірден сол уақытта көтеру мүмкін емес еді, әйтпесе, тапсырыс беруші тауарды қабылдамайтын болар еді", - деп түсіндіреді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Кейін еліне жеткен Экрем Альптекин ақтөбелік полицейлерге, соның ішінде, учаскелік полиция инспекторы А.Тәжинге алғыс білдіріп, бейнежазба жолдайды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу