Түркияның TAV Airports холдингі Алматы халықаралық әуежайының 15 пайыз акциясын сатып алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
TAV Airports таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, компания Алматы әуежайының миноритарлық акционері VPE Capital-пен жасалған келісім аясында оған тиесілі 15 пайыздық үлесті 133 млн долларға сатып алған. Енді түркиялық холдинг әуежайды толықтай иеленетін болады. Өзара мәміле жабылуға жақын.
– Алматы әуежайы жоғары операциялық көрсеткіштерін сақтап, Орталық Азиядағы ірі авиациялық хабтардың бірі ретіндегі стратегиялық маңызын арттырып келеді. Алматыға бағытталған инвестицияларымыз жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін жолаушыға шаққандағы тарифтердің біртіндеп өсуін күтіп отырмыз. Бұл авиаотын көлемінің азаюынан түсімге келген әсердің орнын айтарлықтай толтырады, – деді холдингтің бас атқарушы директоры Серкан Каптан.
Серкан Каптанның айтуынша, TAV Airports әлі де Алматы әуежайындағы табысты арттыруға, операциялық тиімділікті жақсартуға және ұзақ мерзімді кіріс көздерін қалыптастыруға басымдық беріп отыр.
Қазір Алматы халықаралық әуежайы ауқымды жаңғырту бағдарламасы және 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мастер-жоспар аясындағы Horizon жобасының бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде ішкі рейстер терминалын (T1) жаңғыртуды жалғасып жатыр.
Негізгі міндеттердің бірі – жолаушыларды тіркеу және ұшып шығу аймақтарын жаңарту. Бүгінде 10 тіркеу орны толық жаңартылды, тағы 13 тіркеу орны жаңғыртылуда. Жаңартылған тіркеу аймағының жалпы ауданы 1700 метр шаршы аумақты құрайды.
Жаңа тіркеу аймағы Қазақстанның мәдени болмысынан шабыт алған элементтері бар заманауи сәулеттік стильде орындалған. Жаңартылған кеңістік жолаушылар үшін тіркеу процесін ыңғайлы әрі жайлы етеді.
Ұшу алдындағы рәсімдерді жеделдету үшін жолаушылар мен отырғызу құжаттарын тексеруге арналған 5 автоматтандырылған пункт (TDAS) орнатылды.