Түркиялық компания Қазақстанда желатин өндіретін зауыт салады

85

Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 22,5 млрд теңге.  

Түркиялық компания Қазақстанда желатин өндіретін зауыт салады Фото: gov.kz

Iskefe Holding компаниясы қуаты жылына 7000 тонна болатын тағамдық желатин шығаратын жоғары технологиялық зауыттың құрылысын бастайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Iskefe Holding басқарма төрағасы Билал Алкоч арасындағы кездесуде жобаның инвестициялық әлеуеті мен өңдеу өнеркәсібіне әсері талқыланды. Министр бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтіп, тері-шикізатты терең өңдеуге жол ашатынын айтты.

Қазіргі таңда Қазақстанда 11 кәсіпорын жыл сайын 3,3 млн ірі қара және 3,1 млн ұсақ малдың терісін өңдеуге қауқарлы. Алайда, былтыр тері-шикізаттың тек 5,9%-ы ғана өңделіп, 7,7%-ы экспортталған, ал 86,4%-ы сұраныссыз қалған.

Министрлік жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Қолдау шаралары қатарында инвестициялық субсидиялар, жүн қырқу бекеттері мен мобильді кешендерді жабдықтау, фермерлерге төлемдер және салықтық жеңілдіктер бар.

2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 70-тен астам жүн қабылдау және 200-ге жуық тері қабылдау пунктін ашу көзделген. Бұл өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Iskefe Holding өкілдері жобаның жаңа жұмыс орындарын ашып, қосылған құны жоғары өнім экспортын арттыратынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық әріптестік қарқынды дамуда. Қазіргі таңда жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 бірлескен жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 7 жоба табысты іске қосылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу