Түркияның 16 әскери қызметшісі Қазақстанда білім алып жатыр

1015

Екі елдің әскери ынтымақтастығы жалғаса береді. 

Түркияның 16 әскери қызметшісі Қазақстанда білім алып жатыр

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан үкіметі мен Түркия үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

"Түркия Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейді және әскери саладағы іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібі көзделмеген. Осыған байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданды", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.

Оның сөзінше, Түркия армиясы әлемдегі жауынгерлік қабілеті мықты әскерлердің бірі саналады. 

"Қазақстанның Қарулы күштері Түркия әскерінің тәжірибесін қолдану үшін ынтымақтастық тетіктерін пайдалануға мүдделі. Келісімді іске асыру қорғаныс саласында одан әрі жемісті және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді", – деді Тимур Дәндібаев.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Түркияның 16 әскери қызметшісі еліміздегі Ұлттық қорғаныс университетінде арнайы бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Ал Түркияда Қазақстанның 34 әскери қызметшісі шеберлігін шыңдауда. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу