Түркиялық Baykar Defence компаниясы Қазақстанда камикадзе-дрондар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар шығаруды жоспарлап отыр.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов компанияның бас директоры Халук Байрактармен келісімге келді.
"Baykar Defence бас директоры Халук Байрактармен келіссөздер нәтижелі болды. Келіссөздер барысында тараптар еліміздің аумағында тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жедел деңгейлі оқ-дәрілерді өндіруді локализациялау мәселесі бойынша жол картасын әзірлеуге келісті", – делінген министрлік хабарламасында.
Келіссөз Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен SAHA EXPO-2024 IV халықаралық қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі көрмесі аясында болды.
Сондай-ақ көрме барысында Руслан Жақсылықов Түркияның Қорғаныс министрі Яшар Гүлермен, қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің төрағасы Халук Гергюнмен және БАӘ Қорғаныс министрі Мұхаммед бен Мүбарак Фадель Әл Мазруимен келіссөздер жүргізді.