Түркияның оңтүстік-шығысында жоғары сапалы мұнай табылды

1004

Бұл қуанышты хабарды Конья қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мемлекет басшысы жеткізді. 

Түркияның оңтүстік-шығысында жоғары сапалы мұнай табылды Фото: www.aa.com.tr

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған елдің оңтүстік-шығысындағы Ширнак провинциясының Жуди және Габар аудандарында жаңа мұнай қорының табылғанын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Анадолы агенттігінің ақпаратына сәйкес, жаңа кен орнының өндірістік қуаты тәулігіне 100000 баррельге дейін барады.

- "Біз Жуди мен Габарда тәулігіне өндірістік қуаты 100 мың баррель болатын мұнай қорын анықтадық", - деді президент Еуропадағы ең ірі күн электр станциясының ашылу салтанатында және Конья провинциясында жақында аяқталған басқа да нысандарды іске қосу рәсімінде.

Ердоған Түркия энергия экспорттаушы мемлекетке айналу арқылы бұдан былай энергияда басқаларға тәуелді болмайтынын да баса айтты.

2600 метр тереңдіктен табылған мұнай 100 ұңғыманың көмегімен өндіріледі. Қорлар күнделікті тұтынудың оннан бір бөлігін өтей алады.

Сондай-ақ, президент Габардағы мұнай ұңғымасына 2017 жылы Түркияның оңтүстік-шығысында PKK террорлық ұйымының шабуылы кезінде қаза тапқан музыка пәнінің мұғалімі Айбуке Ялчынның есімі берілетінін айтты.

- "Біздің жаңа кен орнымыз Айбуке Ялчин-1 ұңғымасы республика бойынша ең көп мұнай береді деп үміттенемін. Осылайша, қазір біз күнделікті 180 мың баррель мұнай өндіру арқылы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне жаңа қадам жасаймыз", - деді.

Ал жақында ғана ядролық нысан мәртебесіне ие болған "Аккую" атом электр станциясының құрылыс жобасына тоқталған мемлекет басшысы бұл станция елдің энергияға деген қажеттілігінің 10 пайызын өтеуге қауқарлы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Түркия президенті екінші атом электр станциясы елдің солтүстігіндегі Синоп аймағында салынуы мүмкін екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу