Түркияның вице-президенті Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды

876

Түркияның вице-президенті Түркістанның даму бағытын оң бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Түркияның вице-президенті Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды

Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Делегация Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымымен кездесу өткізді.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, университет ректоры Жанар Темірбекова және оқытушы-профессор құрамы мен студенттер қатысты.

Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Премьер-министр Әлихан Смайыловпен кездескенін баяндады. Екіжақты кездесулердің бауырлас елдердің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар мұрасының өзектілігін тілге тиек етіп, Абай Құнанбайұлының ғылымға үндеген туындысынан үзінді оқыды.

Концерттік бағдарламадан кейін Фуат Октай қонақ университет аумағының макетімен танысып, "Төрағалар аллеясына" ағаш отырғызды. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы бірқатар мәдениет және руханият нысандарын аралап, Түркістандағы өзгерістерді жоғары бағалады.

Оқу орнының Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек қадірменді қонақты университет қабырғасында мейман ету – оқу орны үшін үлкен мәртебе екендігін атап өтті. Оқу ордасында жүзеге асып жатқан іргелі жұмыстарды баяндады.

Университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томар сөз сөйлеп, Фуат Октайға білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін "Құрметті профессор" академиялық атағы берілгенін атап өтіп, мантиясын кигізіп, құжатын табыстады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу